Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Еліміз Қытай мен Еуропаны жалғайтын Орталық дәлізді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл бағыттағы жүк тасымалы қазір қарқын ала бастаған. Мәселен, 2021 жылы миллионыншы контейнер осы маршрут арқылы Еуропаға жеткізілген болатын. Ол қытайдың Сиянь қаласынан Түркияның Берсиніне жеткізілді.
Өткен аптада Астанада VI халықаралық New Silk Way көлік-логистикалық бизнес форумында Транскаспий дәлізіне қатысушы елдер бұл бағытты дамыту, одан әрі оңтайландыра түсу жағын талқылады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаевтың айтуынша, қазір бұл дәлізге қатысатын тараптармен жұмыс барысы келісіліп, дұрыс жолға қойылған. Пандемия кезінде де, қазіргі геосаяси жағдайда да Транскаспий бағытындағы жүк тасымалы оң көрсеткіштерге ие.
«Соңғы жылдары Орталық дәліз бойынша өткізу пунктерін кеңейтуде Қазақстан ауқымды жұмыстар атқарды және инфрақұрылымды дамыту үшін 35 млн доллар инвестиция құйылды. Алдағы бірнеше жылда тағы да 3,5 млрд доллар жұмсалатын инфрақұрылым іске қосылады. Оның ішінде 1300 км жаңа теміржол желісі салынатынын айта кету керек. Қазір Достық-Мойынты теміржолының екінші желісі, Қытаймен үшінші теміржол өткізу пункті Бақты-Аягөз және Алматы айналма жолы мен Дарбаза-Мақтаарал желісі, сондай-ақ контейнерлік хаб сияқты жобалар іске асуда», – деді ол.
Орталық дәліздің өткізу қабілетін жақсарту үшін барлық тараппен инфрақұрылымдық келсімідер жасалған. Негізгі инфрақұрылымдық жоба теміржол желісі мен теңіз портын дамыту болып отыр. Форум барысында Транскаспий дәлізі бойынша Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол компанияларымен біріккен кәсіпорын ашу жұмысы жүріп жатқаны айтылды. Ол бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін болады және жеткізу мерзімі мен құнына кепілдік береді. Бұл Қытайдан Еуропаға бет алған жүк тасымалын арттыра түседі деп болжануда.
«KTZ Express» АҚ-ның логистика жөніндегі басқарушы директоры Айбек Қапар Орталық дәлізбен тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келе жатқанын және жүк тасымалын жылдам жеткізу бағытында сервистік жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді. Мәселен, былтыр Транскаспий дәлізінің Қазақстан аумағы арқылы өткен тасымалының жалпы көлемі 1 млн 129 мың ЖФЭ құраса, осы жылдың сегіз айында 865 мың ЖФЕ болған.
«Орталық дәліз әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты жылдам дамып жатыр. Қазақстан темір жолы оған көп көңіл бөліп отыр, өйткені құрғақ жолмен тасмалданатын жүктің басым көпшілігін қамтып отырмыз. Біз әлемдік ең ірі логистикалық оператор PS international-мен біріккеен кәсіпорын құрдық. Бұл Оңтүстік-шығыс Азия елдерінен, әсіресе Жапония, Кореядан жүк тасымалына тапсырыс алуға жағдай жасайды. Сондай-ақ сервисті кеңейтіп, Ыстамбұлда филиалын ашу көзделіп отыр. Олар Еуропадан Қытай бағытында жүк тасымалын арттырмақ. Өткен жылы Батыстан шығысқа қарай жүк ағынын арттыру үшін арнайы тарифтік жағдай жасалып, 50 пайыз мөлшерінде жеңілдіктер берілді», – дейді А. Қапар.
Клиенттерді тартудағы басты критери – жылдамдық, тарифтік шарттар және жүктің қауіпсіз жеткізілуі. Өткен жылы жылдамдық пен тариф жағынан мәселелер болған. Соған байланысты Орталық дәліздегі барлық тараптар келісе келе арнайы шатл сервисті іске қосыпты. Оның басты мақсаты – жеткізу жылдамдығын арттыру. Мәселен, біздің контейнерлік пойыздар Алтынкөлден Грузияның Батуми портына дейін 35-40 күн жүрсе, қазір 10-12 күнде жететін болған. Бұл жүк жөнелтушілер үшін өте ыңғайлы.
Айбек Қапар сервисті дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын, ол Грузиялық порттармен шектелмей Еуропадан Қытай бағытына тапсырыс алу үшін қызмет ететінін айтты. Транскаспий дәлізі іске қосылғалы теңіз тасымалы да өз жұмысын жандандырып, клиент тартуда тарифтерді айтарлықтай түсірген. Сондықтан біздің тасымалдаушыларға жеткізу уақытын барынша қысқартып, тариф саясатын тағы бір қарап шығу мәселесі турған сияқты.
Әділет Мұсахаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"