Главная Новости Уаз кен алаңында – жаңа асхана
08 қыркүйек 2021, 09:32 1881

Уаз кен алаңында – жаңа асхана

Уаз кен алаңында – жаңа асхана

Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Уаз кен алаңында жаңа асхананың ашылу салтанаты өтті. Заман талабына сай жабдықталған асхана 30 адамға арналған. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға сәйкес шара барлық карантиндік талаптарды сақтай отырып, ұйымдастырылды.

Кен орнында бұған дейін 12 орындық асхана жұмыс істеп келген. Жаңа нысанның ашылу салтанатына басқарма басшылығы, кәсіподақ комитеті өкілдері, кен орны мұнайшылары қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған басқарма бастығы Қайнар Қоданов тәуліктік жоспары 320 тоннаны құрайтын кен орнының болашағы көп үміт күттіретінін атап өтті.

Айта кетейік, Уаз кен орны осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын 4 ұңғымамен сынамалы пайдалануға берілді. Қазір ұңғы саны 66-ға жетті. Қазіргі таңда Уаз кен алаңында бір ауысымда 15 адам еңбек етеді.

«Мен 2003 жылдан бастап Ембі өндірісіндегі еңбек жолымды бастап, Уаз кен орны ашылғаннан бері табан аудармастан осы кеніште еңбек етіп келемін. Алғашқы жылдары мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы қиындау болды. Асхана типтес вагондарда тамақтанатын едік. Енді өз алдына бөлек кең, жарық асхана салынып, мұнайшылар игілігіне беріліп жатыр. Мұны қазіргі күрделі кезеңге қарамастан, қарапайым еңбек адамына жасалған қамқорлық деп білеміз», – дейді шебердің міндетін атқарушы Талғат Бектілеуов.

Салтанатты шара барысында керілген лентаны басқарма бастығы Қайнар Қоданов пен «Уаз-Қондыбай» мұнай-газ өндіру бөлімше бастығының орынбасары Мейрамбай Ахметов қиды. Шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды. Кәсіби мереке қарсаңында жаңа әлеуметтік нысанның ашылғанына мұнайшылар дән риза. Себебі, енді қыстың суық күндері мен жаздың аптап ыстығында олар кезексіз, жайлы, кең, жарық асханада тамақтанатын болады.

«Менің мұнайшылық қызметімнің алғашқы жылдары тәуелсіз Қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңімен тұспа-түс келді. Содан бері ширек ғасыр өтсе де, сол кездегі «картина» әлі көз алдымда. Талон арқылы кезекке тұрып тамақтанған кездер есімде. Еңбек адамы үшін басты қажеті – далалықтан келгенде, алдында уақытылы ыссы тағам мен жайлы демалыс орны дайын тұрса – соның өзі үлкен қамқорлық. Шағын ұжым екендігіне қарамастан, енді ашық-жарық асханада тамақтануымызға жағдай жасап жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшыларына мұнайшылар атынан алғыс білдіреміз», – дейді мұнай-газ өндіру операторы Ерлан Тәжіғұлов.

Уаз кен орны мұнай өндіруді жоспарға сай орындап, ел байлығын еселеп келеді. Атап айтсақ, биылғы жылы 115 мың тоннадан астам мұнай өндіру жоспарланса, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен меже жоспарға сай орындалуда.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: